Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  115


Автор: Әлия Дәулетбаева

Қаршыға - күй

Тұнғанда тыныштыққа атырабым,
Жанымды желпіп өтті жақын ағын.
Әлдебір құдірет күш алды жаулап,
Момын жұрттың киелі топырағын.
Сол-ақ екен атқандай жарық таңым,
Бозторғайдай әуеде қалықтадым.
Ұқтырды пайғамбар-күй, пері күйші,
Дүниеде шаттық барын, шабыт барын.
Күллі әлем тына қалып елең еткен,
Көрікті болып кетті неге көктем?!
Көңілдің көгершінін көкке ұшырған,
Ағатай, осыншалық керемет пе ең?..
Кей сәтте қу тірліктен түңілдіртіп,
Қызығына жалғанның үңілдіртіп.
Санаңды жүгіртеді сан бір саққа,
Күй емес, бармағынан шырын бүркіп.
Өзіңе ел табынып тұрғаны шын,
Бітірген жанға шабыт, жырға мүсін.
Бір сөзбен берсем баға нұр тұлғаңа,
Біздің асқақ ғасырдың Құрманысың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу