Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  188


Автор: Әлия Дәулетбаева

Алматыдан алыста

Бұлдыр елес қалған жоқ баяғы бір бәз күннен,
Сүлей сөздің киесі салды қанша сынаққа.
Арманменен алғаусыз албырт өлең жаздым мен,
Алматыдан алыста, Астанадан жырақтау...
Шіркін, халді ұқсаңыз, шулы шаһар шайыры,
Көктем сайын көңілден көк кептерді ұшырдық.
Бізге дағы сізге ортақ бұ дүниенің ғайыбы,
Тіріде опа бермесін тумай жатып түсіндік.
Зарығу һәм сағыну пешенеңе жазғаны,
Жұмыр басты пендеде жүйкесі әлсіз біз ғана.
Естен кетпес есіл мұң ескі әуенді қозғады,
Жұдырықтай жүректе ескі жара сыздаған.
Қоңыр күзі Жайықтың тырна –тізбек созғанда,
Құба талға сүйеніп құлазыған кезім көп.
Аяулымнан адасып аспан жақта көз жазғам,
Содан бері есті алып, еліктірген сезім жоқ.
Басқаша сыр шертеді бұрынғы әннен бүгінгі ән,
Бәрі, бәрі өтеді жүрекке жүк артып құр.
Сізді қайдам, ал менің жаңа жазған жырымнан,
Күннің, гүлдің... содан соң жусан иісі аңқып тұр.
Баяны кем жалғанда көп күрсініп, аз күлгем,
Бастан өткен бір дәурен сүю және ұнатпау.
Тақырыпсыз тағы бір тағдырлы өлең жаздым мен,
Алматыдан алыста, Астанадан жырақтау...
Шіркін, халді ұқсаңыз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу