Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  102


Автор: Азамат Есалыұлы

Шаң-шаң боп архивтерде жатпадыңыз...

Шаң-шаң боп архивтерде жатпадыңыз,
Жыр – тұлпарды жаратып баптадыңыз.
Қарын қамын күйттеген ағам сынды,
Әкімдердің есігін қақпадыңыз.
Шаң-шаң болып жатқан жоқ жазғаныңыз,
Шемен елдің шер мұңын қозғадыңыз.
Жаралы жүректерге жылу беріп,
Саналы кеуделерде маздадыңыз.
Болмаса сөрелерде тұрмадыңыз,
Жүректерді жылтты жырларыңыз.
Алты алашқа таусылмас азық болды,
Бағбан болып баптаған жыр – бағыңыз.
Дүкендерден көрмедік сөрелерден,
Бірге жасап келеді өлең елмен.
Еліңіздің отырсыз ортасында,
Табақтас боп ағам жүр төрелермен.
Жырдан тарту тартыңыз халқыңызға,
Алаңдаумен келесіз артыңызға.
Менің ағам секілді жершіл болмай,
Ортақ болып отырсыз жалпымызға.
Тарау – тарау болса да жолдарыңыз,
«Әдебиет – ардың ісін» қорғадыңыз.
Махамбеттің асынып жыр семсерін,
Ақиқатты айтудан таңбадыңыз.
Сіздей-ақ болар бәлкім жасын нағыз,
Сіз дауылсыз сондықтан басылмаңыз.
Ағам сынды әкімнің жанында емес,
Бабаң сынды халықтың қасындасыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу