Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  120


Автор: Азамат Есалыұлы

Табиғатын танып білмеу таланттың...

Табиғатын танып білмеу таланттың,
Саған, маған, оған да сын тірлікте.
Талантымды танытармын, талақ күн
Тірлігіме қойғанынша бір нүкте.
Маһшар соты болған күні Барзақта,
Дат, Аллаға айту керек шындықты.
Ауып кеткен адалымды ар жаққа,
Мына жақтың мәңгүрттері жүнжітті.
Шайырларын подвалдарда түнеткен,
Жүгінсе де қалам менен қағазға.
Періштеге лайықты жүрекпен,
Құдай куә сенделгені Таразда.
Күн мен түн де ақиқатын айтады,
Күн күлмейді, түн жылайды тұншығып.
Азғырса да екі дүние сайтаны,
Періштедей жыр туғызды ол қырсығып.
Бір ғаламат күй естілсе тамыздан,
Тамыздай боп жазылатын өлеңі.
Тауқыметі таудай болған ғазиз жан,
Иманына ит байлаған жоқ еді.
Ақындарға жаһаннамнан жалғанның,
Соры басым, әкімдерге құндылау.
Серігім жоқ, серік таппай қалғанмын,
Содан менің шыбын жаным мұңдылау.
Құдай шебер қиыстырған қиынды,
Жарасады мисыздарға жан бағу.
Амал нешік, Томановқа бұйырды,
Құнанбайдың баласынан қалған у.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу