Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  114


Автор: Азамат Есалыұлы

Ей, Әулие ата, неге мені шақырдың?

Ей, Әулие ата, неге мені шақырдың?
Сен де маған, мен де саған ашындым.
Қонып шығар қора таппай келемін,
Мойынымда тағдыры бар қасымның.
Барар бағыт белгісіздеу болғасын,
Қызыр емес ібіліс қой жолдасым.
Қай қазақтың бұйырады қолынан,
Атаукерем не болмаса таңғы асым.
Ағытылып тіршіліктің тиегі,
Көрғаулар жүр қолдарында күрегі.
Ал, мен болсам отырамын ондайда,
Тектұрмастың ауласында үнемі.
Қайыршысы көп қаладан безінгем,
Ащылау жас кетпеген соң көзімнен.
Соры қалың сорлы бала болған соң,
Болмай жатып, бордай тозып езілгем.
Елден кетіп жұлдыздары жоғары,
Саған келгем, өзіме ғой обалым.
Әзірейіл періштесін Әміршім,
Кешіктірмей жіберсе де болады.
Ей, Әулие ата, неге мені шақырдың,
Сен де, маған, сен де саған ашындым.
Тұрағы жоқ тұрғынына айналдым,
Жиырмасыншы ғасырдың.
Ез боп біттім ет жүрегім езіле,
Кім бар дейсің құлақ түрер сөзіме.
Астанаға кету керек қалайда,
Мұңсыздардың күйік болмай көзіне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу