Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  389


Автор: Саят Қамшыгер

Төлеген - жыр

Ақындығым бастау алған тұмаңнан,
Сені оқысам айығамын күмәннан.
Қатқан тоңнан жүрегімді жібітіп,
Жырың жиі шығарып жүр тұманнан.
Іздеушің көп, ұрпағың бар, қамықпа,
Төлеген – жыр айналғандай халыққа.
Мына біздер сыйсақ тағы өлшемге,
Сен сыймайсың ешқандай бір қалыпқа.
Әз жаныма мәңгілік дос бар сендей,
Мен де өлмеймін Ұят пенен Ар сөнбей.
Тура өзіңдей сағынсам да анамды,
Жыр жаза алмай жүрмін бірақ дәл сендей...
Алла құлы жалғастырар ұлы істі,
Кең тынысты ақын әр кез ырысты.
Жырларыңнан сағыныштың лебі есіп,
Сезімдерің балқытқандай құрышты.
Уақыт сырғып, бір орында тұрмады,
Сырларыңды ғасырларың тыңдады.
Сен іздейді таулар, теңіз, дала да,
Елеңдейді мұнаралар құмдағы.
Төлеген-жыр жүр ғой кезіп ғаламды,
Ақындарға жырсыз өмір қараңғы.
«Шабытыңның астанасын» қастерлеп,
Мен де сүйем Алматы – әсем қаламды!
Алпамыстай асқақтатам жыр тойын,
Бұл сөзімді көрмес сірә, жұрт ойын.
Кегейліңде, Семейіңде, күллі елде,
Болар сенің «бір той» емес, мың тойың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу