Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  288


Автор: Саят Қамшыгер

Сыр

Сейфолла Оспановқа
Жырың бірден жүрегімде жатталды,
Көргеннен-ақ тұлғаң ойда сақталды.
Көңілдегі кемем желкен көтеріп,
Сен жақтағы жағалауға аттанды.
Жырың – жылу, ал жүрегің – арыстан,
Арыстаның аждаһамен алысқан.
Теңіз тулап, шағаласы шулаған,
Жағалауың көз тартады алыстан.
Кеше ғана жүрген жандар бөлектеп,
Бүгін үнсіз мойындайды «керек» деп.
Аңқылдап кеп ақыл айтсаң, отырам,
Өмір жайлы ойларымды електеп.
Аңыздарда айтылатын алыптай,
Еңбек етіп, тер төгесің жалықпай.
Үмітімнің гүлін өзің суарып,
Жігерімді қайрап жүрсің шарықтай.
Жаратылған сабыр менен төзімнен,
Әкем менің құрдас еді өзіңмен.
Төбесіне құс жете алмас асқардай,
Сен тұрғанда жас ақпайды көзімнен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу