Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  585


Автор: Саят Қамшыгер

Шығыс жақтың ұлымын

Шығыс десем ойыма күн келеді,
Туған жермен көңілім гүлдеп еді.
Өлкем менің!
Перзенттік махаббатым
алға қарай бастап жүр күнде мені.
Сұлу Ертіс, өмірдің ағынысың,
Шыңғыстауым – берекем, бақ, ырысым.
Шармен бірге шабытым шарықтайды,
Семей жаққа самғайды сағынышым.
Шығыс жақтың ұлымын!
Ай да куә,
Менің кемем келіп тұр айлағыңа.
Адастырмай арманым, апар мені
Аягөзге – ақындар аймағына.
Өскемендей шахарым бар сәулелі,
Биік болып көрінер барсаң белі.
Қарағайың тәрізді тік балаңмын,
Тарбағатай таулары, қарсы ал мені,
Қызыр сүйген Үржар мен Жарманы да,
Шұбартаудың не жетет саумалына?!
Ертегідей жаныңды елітетін,
Мен ғашықпын Алтайдың тауларына!
Мен – Шығыстың ұлымын!
Бақ дарыған,
Бұлағындай Рахманның ақтарылам.
Жаным менің жаралған құтты мекен –
Зайсан менен Күршімнің ақ таңынан.
Шығыс жақтан күн көрем, арай көрем,
Туған жерге оралам қалайда мен.
Алматыда отырып сырласамын,
Адамзаттың алыбы – Абайменен.
Жігіттері-ай Шығыстың арыстандай,
Олардағы өр Рух пен намыс қандай!
Қайратына қаһарлы жау шыдамас,
Шеттерінен текті ғой арыстардай.
Арулары-ай Шығыстың гүл ерінді,
Әрқайсысы хан етер бір еріңді.
Олар сүйсе, сүйеді өліп – талып,
Сен де оларға табыста жүрегіңді.
Шығыс жақтың ұлымын, ұланымын,
Мен – елімнің Рухымын, ұранымын.
Өзендерге қосылып, көлге құяр.
Сылдырлаған мөп-мөлдір бұлағымын.
Жүрегіме бабалар үні сіңген,
Бала күннен туған жер, ырысым ең.
Туған өлкем мен үшін алтын қазық,
Мен еліме мақтанам Шығысыммен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу