Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  437


Автор: Балуан Шолақ

Өтетін өмір

Бір жасқа жеткеніңде құндақтайсың,
Екіде тек былдырлап, тіл қатпайсың.
Бес жаста безіп үйден, тал ат мініп,
Он жаста жарда ойнаған лақтайсың.
Қайырмасы:
Қа-ла-ли, ай-дай, қа-ли, ай-ай,
Ха-ха-ах-ха, ай-ай, ах-а, ай.
Ох-ха, ох-ха, ох-у-ай,
О-ай, о-о-ой.
Келгенде жиырмаға сазда өсетін,
Балауса бейне балғын құрақтайсың.
Отызда ор қояндай аспанға атып,
Қырқыңда мүшеленген құр аттайсың.
Қайырмасы.
Елуде ақыл-ойың тегіс толып,
Төскейден сарқыраған бұлақтайсың.
Алпыста бар асылың түгел жайнап.
Маңыңа сəуле шашқан шырақтайсың.
Қайырмасы.
Жетпісте тұра берсең жер таянып,
Жарыңнан құдай қосқан жырақтайсың.
Сексенде буындарың діріл қағып,
Болдырған арық аттай бұрақтайсың.
Қайырмасы.
Тоқсанда өлсең де өлдің, өлмесең де,
Сұм дүние, енді кімге тұрақтайсың.
Тоқсанда өлсең де өлдің, өлмесең де,
Сұм дүние, енді кімге тұрақтайсың.
Қайырмасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу