Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  92


Автор: Балуан Шолақ

Əнеугі айтқан...

Əнеугі айтқан, сəулем-ай, сөзіңді ұқтым,
Мен дұшпаннан қорғалап қашан бұқтым.
Ақсұңқарды бөктергі іле ме деп,
Ерегіскен дұшпанды жерге тықтым.
Ерейменнің түбінде сегіз ағаш,
Сені маған телиді көрген алаш.
Аға, жеңгең бас болып қорыса да,
Амандасып қалушы ең таңмен талас.
Бір ат келді базардан құла қасқа,
Жібек ноқта басында, бауы басқа.
Ғашық болып қосылған Ғалияжан,
Кел, екеуіміз мінейік тарантасқа.
Ойлап тұрсам, дүние, жалғаның-ай,
Өгіз сатып Қараөткел барғаным-ай.
Қапаланып жүргенде ел сағынып,
Қайдан менің іліндің қармағыма-ай.
Құрмет еткен кішіні үлкен аға,
Сүйеніш ерлерге болған пана.
Ғашық болып қосылған Ғалияжан,
Өлеңменен сөйлейін біраз ғана.
Есен бол, енді айналып келгенімше,
Қылығыңды ұмытпан өлгенімше.


Ел сағынып барамын үйге қайтып,
Бір аллаға тапсырдым көргенімше.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу