👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  60


Автор: Есей Жеңісұлы

Жаңаөзен. Ажалды ұлдың монологы

«Бұзақы» дер, «дүрмекке қосылды» дер,
Төмен тартып барады басымды жер.
Табаныммен табысып жүруші едім,
Уа, қара жер, қойныңды ашып жібер...
Жарық дүние, көзімнен ақтың менің,
Оқ тигенін сеземін, оқ тигенін...
Мен қай жерде еліме қарсы шықтым?
Мен қай жерде қоздаған шоқты үрледім?
Жеті ай бойы алаңда алаң едім,
Неге бізге үнемі нала кебін?
«Есем кетіп жатыр» деп еңіреп ем,
Тілемеп ем мезгілсіз ажал, өлім.
Жетсе деп ем бақытты ертеңге елім,
Көріп тұрдым дүн-дүние өртенгенін.
Көріп тұрдым кенеттен дауыл соғып,
Киіз үйді – киемді төңкергенін.
Өз киемді шашатын мен емес ем,
Өз қаныммен қалайша ерегесем?
Мұз құрсанып солдаттар келді төніп,
Қорқынышты...
ертеңді көрем бе есен?
О, қасірет, қасірет...
сезем нені?
О несі екен мылтығын кезенгені?
Кеуде тұсым шым етті...
сөніп барам...
Таяғымен тағы ұрды, өзеуреді.
Жарық дүние, мезгілсіз қиып барам...
Тарих болам, таусылмас күйік болам...
Қыршыныңды арманда кетті дей бер,
Өз бауыры ғұмырын тұйықтаған...


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы