Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  301


Автор: Есей Жеңісұлы

Қызылағаш

Қыңқ-қыңқ етіп, екі көзі боталап,
Жаңа ғана ұйықтап еді шақалақ.
Жаңа ғана әлем тына қалған-ды,
Қараңғылық айналаны матап ап.
Кенет толқып көк пен жердің арасы,
Тау-тау толқын жөңкіп берді, қарашы...
Қараша үйді қаңбақ құрлы көрмеді,
Бұрылып та үлгермеді анасы...
Толқын-ажал аранын кең ашты да,
Жұта салды бәрін түнек астына.
Қашқан – қашып, қалған – қалды...
қасірет...
Допша үйірді үйдей үлкен тасты да.
Қызылағаш...
Қараша ауыл...
Қастерлім...
Қасіреттен қатып қалды тас-көңлім...
Тіршіліктің тұсауына ұйыған
Берекеңді түнделетіп кескен кім?
Азан-қазан...
Неткен мұңлық кеш еді?..
Жал-жал толқын сақ-сақ күліп көшеді...
Сәби кетті, Ана кетті...
Ел кетті...
Неге сонша сорым менің бес елі?..
Неге бұлай?
Түнеріп тұр төніп ай.
Жұмыр басқа ауыр-ауыр келіп ой.
Дастарқаным жиналмаған еді ғой...
Пейілім де тарылмаған еді ғой...
Жанарларға жас тұнады мөлдіреп,
Трактор жүр тас үйілген жол күреп.
Көкірегіме қатқан мәңгі шеменсің,
Қызылағаш... Аты бар да, орны жоқ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу