Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  433


Автор: Есей Жеңісұлы

Қазаққа Алматыда жер жетпейді...

Қазаққа Алматыда жер жетпейді,
Еңіре, көз жасыңды көлдет, мейлі.
Еңсесі көтерілмей, ер-азамат
Ұяда ит кірмейтін еңбектейді.
Жан-жағы Алматының қалың лашық.
Лашыққа алыстағы ауыл ғашық.
Жайлаудан жай табатын қайран қазақ,
Жүр бүгін көрінгеннің шаңын тасып.
Тапқаны қара шай мен нанға жетіп,
Жегені тамағынан толғап өтіп,
Ұйқыға бас қояды қалжырап кеп,
Бір пәтер жалғыз бөлме арман етіп.
Секіріп ойнамайды баласы да,
Тумастан көңілінде нала, сірә.
Базарға анасымен бара қалса,
Қарайды ойыншықтың бағасына.
Тұрғандай көкжиектен таңы да атпай,
Қариды қу жоқшылық жанын оттай.
Әуп етіп иті үрсе де қожайынның,
Бәрі де – «ойбай, жәке...»
бәрі – «ләппай!»
Білмеймін, осы ма еді аңсағаным?
Бір адым аттай қалсам, жар соғамын.
Отыздағы жігіттің, күнде көрем,
Бейүміт шал секілді шаршағанын.
Бәрін де жиып жатыр қала... қала...
Абатқа асығады қара бала.
Үн-түнсіз, ақ жол тілеп қалып жатыр,
Атажұртта қалқайған мола ғана..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу