Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  379


Автор: Есей Жеңісұлы

Қазақияға

Маған қайдан сен барда қайғы орнасын,
Бағымсың ғой, киемсің, азат ұя!
Бүгін тасып жатқанмен сайран-хошың,
Сенің мұңың тым көп қой, Қазақия...
Шері неге сонша мол сендегі ердің?
Қойдың ба әлде оған жүк бөлек артып?
Адасармын мен, мейлі, сенделермін,
Бірақ сені жанымнан көрем артық.
Әр тасыңды сүйемін, әр гүліңді,
Неге осыны түйсіндім, сезіндім кеш?
Қазір менің жаным бар жаңғырулы,
Ерлігім бар сен үшін өзім білмес.
Қазақия, барымды ұсындым мен,
Жүрек, білек – бәрін де аямаймын.
Күндіз сені күн болып құшып жүрем,
Түнде сені ай болып аялаймын.
Сынамасқа немене бағымды ерше,
Сен қарсы алу үшін де әр таңды аман.
Садақ болып атылам жауың келсе,
Саған қарай оқ ұшса, қалқан болам!
Ренжімеймін, атымды танымасаң,
Шырқалады кеудемде толқып әнің.
Жылап тұрса бұлағың, көзін ашам,
Тартылды ма теңізің, толтырамын!
Ер деп тусаң, айнымас сөзім – міне,
Дәуіріммен серттесіп, қол алысқам.
Шын алыптай өзіңді, өзімді де,
Болашаққа апарам, Қазақстан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу