👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  34


Автор: Есей Жеңісұлы

Алматы циклы

Алматы, сенің өз балаң едім,
Үмітпен келгем алдыңа.
Ботаңдай жалқы боздаған мені,
Баспайсың неге бауырыңа?
Даңқыңды жақын-жатқа бұлдайсың,
Өзіңше мұның дұрыс та...
Жұмыр басымды қақпақылдайсың,
Қуыстан қуып қуысқа.
Сенде ғой жарқын өмір аралы,
Арбайсың жалт-жұлт бейнеңмен.
Алматым, айтшы, нем ұнамады?
Итере бердің кеудемнен.
Жаратпай, мейлі, кетпеймін сенен,
Сенен ұмтылам күнге мен.
Қуысыңнан-ақ көктеймін, өнем,
Тамырым жайып, гүлденем.
Бұл перзентіңнің бір сенде арманы,
Көшеңде жүрем күлімдеп.
Күндердің күні күлсең болғаны,
«Сынағам сені, ұлым» деп...
№2
Алматы мынау көлігі көшкен мыңғырып,
Қас қараяды.
Көрсетеді енді түн қылық.
Көзінің жасы көл боп аққанын байқамай,
Жылап келеді, жылап келеді бір жігіт...
Көретін емес.
Ышқынған сигнал.
Кептелек.
Тағдыр құрғырға бекер-ау осы өкпелеп...
Рөлде – қолы, аяғы – газда, ал өзі
Жерде емес, көкте,
көкте емес, жерде боп келед...
Байқайтын емес кес-кестеп өткен халықты,
Бағдаршам ғана – қызыл да жасыл, сауықты.
Сәл қиып өтсең, байбалам салар шопырлар,
Бәрі де өте кішіпейіл бола қалыпты.
Тасқында мынау тағдыр келеді тербеліп,
Өмірдің құнын тамшыдай жасқа теңгеріп.
Ию да қию, асыға жеткен көліктер,
Қапталдасып кеп, қалады бәрі жол беріп.
Жол бере қапты.
...Бәрінің, сірә, мұңы бар.
Кім қайда қашып тірліктен мынау тығылар?
Митыңдап жүріп, темір боп кетіп жан-рухы,
Өзінің адам екенін қашан ұғынар?
Алматы мынау.
Қиқулап жатыр төңірек.
Жұбанар жігіт.
Тапқаны – аз, бірақ жоғы көп.
Ісінген көзге жары таңдана қараса,
Алдай салады ол «көзімді жарық жеді» деп...
№3.
Алып шаһарда, еңселі үйдің алдында,
Үн-түнсіз көніп өрнегі шиыр тағдырға,
Қария отыр беліне түскен сақалы.
Қаланың жұрты өле асыққан, өңмеңдей,
Мұражайдың көне экспонатын көргендей,
Таңдана қарап, таңырқап өтіп жатады.
Қаланың заңы – танымайтынға бас име.
Кім болды екен қамаған әкеп тас үйге,
Қамаған әкеп қалаға сайын даланы?
Апыр-ай, міне, заманы жылжып ілгері,
Даланың ерке ұлының соңғы күндері,
Қуықтай ғана бөлмеде өтіп барады.
Абзал қартым-ай, қатігез сонша бұл қала,
Елітіп қояр олжасы жалған шырғаға,
Беліңнен шыққан қызыңды және ұлыңды.
Қасыңнан, ата, өте алмадым ойланбай,
Тұсаулап тағдыр, шідерлеп тағдыр қойғандай,
Екі мың ғасырлық менің ұлы еркіндігімді.
Пешене қызық, алмайсың оны бос таңдап,
Қартымның жолы – күніне жиырма баспалдақ.
Өткен күндері бұлдыр елес боп көлбейді.
Абыз қария, әр нәрсе түсті есіме,
Алып қалада теріп жүрсем де несібе,
Баспалдақ баққан қарт болып қалғым келмейді.
Ақ сақалыңда жатқанын ұйып даналық,
Қайдан түсінсін қатыбас жандар қалалық?
Оларға сен бір – еңсесі түскен кәрі шал...
Түсінем, қарап соңғы рет тірлік-орманға,
Ауылдан келген адамдар марқұм болғанда,
Бебеулеп барып, жаны даламен табысар...


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы