Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  119


Автор: Есей Жеңісұлы

Өкпеңді айтып, наз айтып өмірге бұл...

Өкпеңді айтып, наз айтып өмірге бұл,
Жылай берме, досым-ау, ебіл-дебіл.
Сенсіз де көп өмірден жасыған қыз,
Сенсіз де көп өмірден жеңілген ұл.
Өмір деген – әлсізге бөтен керуен,
Тіршілікке ешкім жоқ бекер келген.
Өзіңнен көр өрде емес, ойда жүрсең,
Әрбір күнің бос өтсе тепеңдеумен.
Жағдай сұрап тұрмайды, көңіл сұрап,
Сайран емес білгенге, өмір – сынақ.
Жақтан тартып, төбеңе тас үйсе де,
Көтеруге тырысшы белің шыдап.
Қате жасап қойсаң да, жаза басып,
Ең алдымен ойыңда тазар, асық.
Қате үстіне қатені жамағасын,
Пенде шіркін қалады тез адасып.
Кейде айналып кетеді оңың солға,
Ар мен ұят адамға тегін сауда.
Азапты да ғажап деп қабылдағын,
Қызығырақ болады өмір сонда.
Тағдыр осы алдыңа жолын керген,
Босағада сілейткен, төрін берген.
... деп ойланып отырмын оңашада,
Жігіттердей кәдімгі өмір көрген...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу