Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  109


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Жүре алмадым қасымда асыл еркем

Жылда келіп жасырын құс ұялар,
Екеу ғана бұл жайды түсіне алар.
Көкіректер – сияқты ескі зындан,
Онда қанша шіриді құпиялар...
Сағынышты үйіп ап бір басыма,
Жүргенімде жолықтым қимасыма.
Қас-қағымда кеудемнің шанағынан,
Көтерілді ескі əуен ширатыла.
Сан ағыннан іздеген, аласұрған,
Шегеленді миыма бала тұлғаң.
Еріндерің əлі де өзгермепті,
Қауызындай бидайдың жаңа ашылған.
Сыр қып айтпай ешкімге, думандатпай,
Көп жыл жүрдім ауызын буған қаптай.
Кездескенде жанарың жарқ ететін,
Қазір алған дариядан су моншақтай.
Мол арманды сұм тағдыр тұйықтады,
Түкпірімде қалды ғой ұйып табы.
Көзіме оттай басылды, қарағым-ай,
Торғай түнек шұқырың миықтағы.
Біреу көріп қойғандай ұрлығымды,
Күйге түстік бет қызып, біз бұрынғы.
Қаңбақ көрсе жүгірген қой екен деп,
Елегіздім қошқардай күзді күнгі.
Сабаса да уақыттың ұр, тоқпағы,
Өшіргем жоқ алауды құрсақтағы.
Төрт-бес қырдан ассаң да зекетім-ай,
Сүйген жүрек өзіңнен мін таппады.
Енді қалған ғұмырдың іргесі жар,
Болдың екен ақ сəулем кімге сыңар?
Анда-санда тұрғайсың жолықтырып,
Бірде мұнар дүние-ай, бірде тұмар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу