Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  120


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Бастарыңа жағайыншы бір шамдал

Төбеде тұрды толған ай,
Қадірін қалдық аңдамай.
Топтанып жүріп перронда,
Шырқаған түнгі əндер-ай!
Ойладық өмір жеңіл деп,
Алладан кенет əмір кеп.
Мерт болды Қонай, Боранхан,
Балмұхан менен Өмірбек.
Бəрің де марқұм, жарықтық,
Жігіт едіңдер жаны ыстық.
Аунақшып магнит тасындай,
Тебістік, қайта табыстық.
Кезі өтті елтең-селтеңнің,
Мұңымды кімге шертермін.
Сендерді жоқтап елсізде,
Тебірене бір теңселдім.
Торғайды қуған тұйғындай,
Қу тірлік есті жиғызбай.
Бей, өмір, біз де сиредік,
Таң алдындағы жұлдыздай.
Армандарыңды құлыптап,
Жатырсың бəрің ұйықтап.
Жандарыңа да жетермін,
Текеметімді тұйықтап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу