Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  124


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Ескі мақат. Кешқұрым

Жебей сауып тəніңді, төсті тырнап,
Талай дəурен басыңнан көшті шулап.
Келбетіне Мақаттың қарап тұрсам,
Көз алдыма келеді ескі тулақ.
Мұнарлар басында оттар жанған,
Күнелтуде ел түбінде жоқтан-бардан.
Май шыққан жер алыстан қараяды,
Қалған киіз күйектей қошқарлардан.
Бай елміз деп салғанмен жаһанға жар,
Мол несібе білмеймін қашан тамар.
Орындалар жарлығың «құп тақсыр» деп,
Шұлғиды үнсіз бастарын качалкалар.
Түсе қалды қалайша жолға мұндай,
Салмағы жоқ қаңбақтың салмағындай.
Құрақ ұшқан осы бір качалкалар,
Партократ қазақтың шалдарындай...
Бозмаясың суалған сен бір жуас,
Талай қырды аяңмен желдіртіп ас.
Қабірінде мұңайып қарт мұнайшы,
Не айтып тұр осынау зер құлпытас?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу