Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  128


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Он үште соңына ердім арман жырдың...

Он үште соңына ердім арман жырдың,
Сенімен əуейленбей қайран құрбым.
Жасаған қолдан алтын алхимиктей,
Азапты рахатқа айналдырдым.
Кеудеге зор талапты шірітіп көмбей,
Табыстым ұлылармен үркіткендей.
Ой-санам жарқырады қара үңгірге,
Тесіктен төбедегі күн түскендей.
Үлде мен неғылайын бүлдені мен,
Құладым өлең саған шын бейілмен.
Қаңғырып, дара кетіп жайылатын,
Сақтаған сары майдай күнгейім ең.
Бейуақта пері қыздар жайып құшақ,
Ой шіркін шымырлайды Жайық құсап.
Нөсердей тартып алған желді өзіне,
Ғажап қой түнгі жым-жырт шабытты шақ!
Білемін, құйғыта алман, шабысым жəй,
Қуамын осы аяңмен тағы тынбай.
Қайран жыр, жүрегімді жылыта бер,
Алланың гольфстрим ағысындай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу