Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  91


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Мысық

Шуласа да өштестім,
Ниетімен қарғап бар.
Жолымды да көп кестің,
Көмір қара көрбақтар.
Тік қарамай адамға,
Мұртын сылап мүлəйім
Мəйіт көрсе табанда,
Ұмытады құдайын.
Қойныңа алып қанша бак,
Аңдыр талмау кезіңді.
Жей бастайды өлсең-ақ,
Өз мысығың өзіңді.
Қойдым, бала болдым ба,
Сөз ғып мысық түскірді.
Сөйтіп жүрген малғұнда,
Жақсы өнер бар үш түрлі.
Қайсар ұрпақ жоқ даяр,
Бастағанда балалай
Кеміс туса жеп қояр,
Обалына қарамай.
Қайтсін бір бас кемір де,
Күш жок жанын күйттерлік.
Кембағалдың өмірде,
Көретіні итқорлық.
Сүйретіліп мөлмеңде,
Қайда саған сый, атау...
Мысық бұған келгенде,
Адамнан да зият-ау!
Көрші жəне таң қалмай,
Екінші бір таза ісін.
Ұяты бар жандардай
Көмер өзі нəжісін.
Үшіншісі барыстан,
Қалған ғажап ептілік
Айқасқанда шаң ұшқан,
Екі көзін шоқ қылып.
Дəу төбетке дүрегей,
Атылғанда айхай, тік
Отырып ап жүрелей,
Соғар шерің қайқайтып.
Түрің жаман сазарған,
Көп сырың бар құмбылсың...
Өлген тəнге озалдан,
Ғашықсың ба кім білсін?
Дүние деген – бай теңіз,
Бұйырмаған мəнді өмір.
Жаратқанның қайтеміз,
Жемісісің сен де бір.
Сан құбылды ойым да,
Күшті болсаң аршып ал
Жауыздың да бойында,
Əз – қасиет бар шығар?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу