Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  107


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Бүгінгі күннің суреті

Ұлықтан кетті қанағат,
Армансыз күйттеп өз басын.
Жер болып талай азамат,
Ұрланып сүртті көз жасын.
Ұтылап ұрып қасқайтты,
Теперіш көрдік жаманнан.
Сүйегім жасып, бет қайтты,
Мына бір сұрқай заманнан.
Күтпеп ек мезгіл біз мұндай,
Кей арам сідік, арам қан.
Қарыны тойған құзғындай,
Мосыағашта əне, таранған.
Болғасын пиғыл, ой ала,
Шүңейтке тартар ындыны.
Көп салған дəрі қоя ма,
Жарады бір күн ұңғыны.
Жұбаттық калай жұртты біз?
Бойыңда мысқал күш қалмай.
Айналып келіп құртмүйіз,
Бас сүйегіңді қысқандай...
Шаяла, семір кіл мықтым,
Шыдай тұр, түспе қақпанға.
Көрерміз ертең шындықтың,
Көгалаң таңы атқанда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу