Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  109


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Біздің ұрпақтың үні

Жоқ балалық. Күмбір өшті.
Іздедік бар індігешті
Таба алмадық көздің жасы моншақтап.
Əлем – жəлем сурет болып,
Алдымыздан иректеліп
Пойыздардай өте шықты əп-сəтте-ақ.
Бізді қайтсін нар ағамыз,
Балағына ораламыз
Мəз боп сордық сенен қалған тұқылды,
Есіл шақты құрбан етіп,
Əркімдерден бір дəметіп.
Жетілдік-ау жетім бала сықылды.
Жойылмайтын мəңгі күші,
Бəрін, бəрін ең дұрысы
Табиғаттан үйренгенің шипалы-ау.
“Қызыл ілім” тот баспайтын,
Зат екен ғой боққа аспайтын
Алған білім болып шықты мипалау.
Орындарсың бəрі-сынды,
Азаматтық борышыңды
Біз көргенге сен жолықпа текті інім.
Антын алды... жоқ күшіміз,
Амал қанша кепті ішіміз.
Ести-ести шенділердің боқтығын.
Кірді барып ойланбады,
Қан-қасапқа Ауғандағы
Талай досым киіп солдат кителін,
Ағайын, жар, туыс қалып,
Бесік болып мырыш табыт
Бұйырды ғой айдалада ит өлім.
Шопан болдық байғұс тату,
Қой төлдету, қой қыстату
Жыл он екі ай жер иіскемей құйрығым.
Жұтамасын халық, халық,
Дедік те біз қол ұстасып
Орындадық перғауындар бұйрығын.
Біз де таттық құлдық дəмін,
Тұман тарқап білдік бəрін
Көсемдердің бөсті көбі, алдады.
Көзсіз сенген қайран көңіл,
Барады өтіп арманда өмір
Бүгіннен де ертең нұрлы болмады.
Келе жатқан əлі тірі,
Тауыс құстай жаны сірі
Жастайынан тəнін тілген жасындар,
Тағы шықтық қолда байрақ,
Зұлпақырды белге байлап
Уай, жақсылар, енді бізге не сын бар?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу