Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  93


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Түнгі ойлар

Тып-тымық түн, кезең ғой бұл балшекер,
Өзен жатыр түк дыбыссыз ағылып.
Шоршып шығып қайта суға шолп етер,
Алабұға ай нұрына шағылып.
Көз алдыңнан көлбей өтіп неше ылау,
Ғасыр жаса, көрінгенмен тым ірі.
Дəл осындай қас-қағым сəт екен-ау,
Тарих үшін бір адамның ғұмыры.
Алғаш рет ой себездеп санаңда,
Тал ат мініп, қамшы өрерсің қоғадан.
Шегің тартып мынау жасыл ғаламға,
Қарарсың бір сыпырылып томағаң.
Сырыңды айтып аспандағы жұлдызға,
Ел кезерсің, жалықтырып үй маңы,
Екі арада үйленерсің бір қызға,
Ақ бетіне үйірілген иманы.
Қыбырларсың дамыл таппай бір дем де,
Тіршіліктің дариясынан ау тартып,
Бірде жанып, бірде суып жүргенде,
Ак беренім, қаласың-ау шау тартып.
Тас – төбеңнен құтқармайтын төнді елес,
Бір сен үшін тəмам болып толған дəм.
Дəл осы бір аралықта сен де дос,
Бақилыққа жоғаласың жалғаннан.
Міне, міне күншығыс та ағарды,
Ех, тіршілік саған байлық тати ма,
Алабұға секірді де жоғалды,
Су бетінде қалды шеңбер, сақина...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу