Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  90


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Жұмекенге

Жыр аңсасаң жолаушым, шақта тұнжыр,
Мылқау қала жаққа сен ат басын бұр,
Күзетеді қасында қарт Алатау,
Жақсылар мен жайсаңдар жатқасын кіл.
Шайқалтса да тірліктің күйі бұраң,
Көз сатпаған жылтырға бұйығы жан.
Дəл қасына тоқтай қап, бет сипарсың,
Күліп тұрса бір мүсін миығынан.
Сұрамастан танырсың кім екенін,
Ескі досың, ол сенің Жұмекенің.
Айтып кеткен ажалдың сұм екенін,
Дүниенің сырғытпа құм екенін.
Əсемдікпен дедің бе бірлесе өнсін,
Қоңыр бояу əкелген жырға сенсің.
Мұз құрсанған балықтай, енді бүгін
Жер астынан шыға алмай жүр ме екенсің?
Сені əкетті алысқа сарқырама,
Жырың қалды жүректе жарқын аға,
Сарқырама ішінде жаңқадай боп,
Мына біз де кетерміз артын ала...
Тимегенмен дəл байлап арпалыста оқ,
Оқыс кеттің, өкіндік алты арыс боп.
Бəрін көрдің, сезіндің бұл өмірде,
Сенің көзің түспеген қалтарыс жоқ.
Аттағанмен бақилық босағасын,
Көктем сайын бір аунап жасарасың,
Өлкесіне қадалған өлең жырдың,
Биіктей бер, бедерлі мосы ағашым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу