Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  99


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Арман

Алға қарай зырлауыңды доғарып,
Жытқыр жылдар парағыңды кері үйші.
Бір көрейік кеткен шақты жоғалып,
Омырауынан шығатұғын жер иісі.
Біздерге де келіп уақыт жарлығы,
Алыстадық сол бір ыстық аралдан.
Менің қазір жазғанымның барлығы –
Бал күндердің арманынан жаралған.
Болсын деп ем өзіме тəн жол, арнам,
Не мегзедім, халқым бірден ұғар-ау.
Корабльдің отынындай сол арман,
Мені біраз самғататын шығар-ау!
Қою шаңы сейілмейтін кешкі іздей,
Жүректерде қалып қайса бір сазым.
Жұмекендей ешбір жанға жеткізбей,
Жер түбіне алып кетсем жыр тəжін.
Қайта-қайта шабысынан жаңылған,
Азабы көп аралықтан өткенше.
Армандарым, қалма менің жанымнан,
Жұлдыздармен араласып кеткенше...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу