Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  127


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Мәңгі өлмейтін кетейік мекен іздеп

Жылдар бойы ерінбей əлдекімді,
Күтеді ұзақ сарылып, мөлдіреп көл.
Мен де сенің көргім кеп келбетіңді,
Тұрмын сайда аяулым тезірек кел.
Жасырынбай, тезірек басшы бұқпай,
Күткізесің, несіне баптанасың.
Жауын күнгі жай сызған ақ сызықтай,
Бір жарқ етіп құрдымға аттанасың.
Ай нұрымен құбылып, шырайланып,
Ағып жатыр əнеки, əжімді айдын.
Ақырғы рет төбеңнен шыр айналып
Біле алмайсың ұшарын қазың қай күн.
Енді ешқашан көрместей еміреніп,
Сүйіп жатыр толқындар қойтастарды.
Басқа əлемге көрмеген өмірі еніп,
Кетейікші, кел жаным айқас мəңгі.
Кетті талай тірлікте есеміз көп
Көшкен құмдай бір жаққа сусуда адам...
Мəңгі өлмейтін кетейік мекен іздеп,
Жоқтамайды біздерді у-шу ғалам.
Бізде көктем, ал жерді тұмшалар күз,
Қалар бəрі тағдырдың желі етінде,
Туған жерге қайырлып бір соғармыз,
Миллиондаған жылдардың əлетінде.
Айлы түнде даусыңды қылғиды əлем,
Тілегіңді бұл құдай атырған ба?
Дəл осылай ойлаймын ылғи да мен
Сені күтіп, елеңдеп отырғанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу