Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  93


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Мақпал түн маздақ ойдың шырайысың...

Мақпал түн маздақ ойдың шырайысың,
Көңілдің келтіресің райысын.
Осындай сирек келер сəттерінде,
Ақынға тыныштық бер құдай үшін.
Мініп ап қиялыңның кораблін,
Ұққың кеп аспан сырын, дала жырын.
Енді ене бергеніңде басқа əлемге,
Қаптайды маса, шіркей қарағұрым.
Дүниеде көп қой мына өте ептілер,
Дəл санын айта алмайды есепшілер.
Шалдығып жантайғанда мазаңды алған,
Масалар – сияқты бір өсекшілер.
Айналаң гулей түсер қасақана,
Не істейді жалғыз адам тас ата ма.
Ондайда ең қызығы ойға батып,
Жата бер кұрып ал да масахана.
Ел бар ғой ақ – қарасын аңғаратын,
Сен оған күйіп-піспе аңғал ақын.
Қыр жақтан салқын самал лүп еткенде
Ызыңдар ғайып болар таңға жақын.
Төгілді алғашқы арай, жанды іреңің,
Сезесің өміріңнің мəндірегін.
Шашылған айналаңда ақ парақтай,
Жатарсың аппақ болып жан-жүрегің...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу