Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  88


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Ақын - ғұмыр

Шын ақында қуат бар жайды ұстарлық,
Сенде жоқ па, таппайсың Айға ұш қарғып.
Теңемейік оларға өзімізді,
Біздікі тек өлеңге жəй құштарлық.
Қуғаным жоқ əуре боп құр сағымды,
Жаным рас, кейде алау жыр сағынды.
Кешірмеймін жандарды мүлгіп жүрген,
Өмірді мен жек көрем бір сарынды.
Айналамда ұстатпай қаққан бұраң,
Оңашада ойларға қақпан құрам.
Мəз боламын жолықса нəрлі теңеу,
Осы менің тірліктен тапқан мұрам.
Содан кейін тілге кеп сыр сымдарым,
Сал ғұмырдың аралап тылсым бағын
Кете барам қалықтап басқа Əлемге,
Шабытты шақ, ғажап қой шіркін дəмің!
Бір төгейін келдің бе зарықтырып,
Қауырсынды көз жасқа малып тұрып.
Осы кезде шарғыдай жеткізбеген,
Арманыңды құшасың салып құрық.
Құлпырады сəуле ойнап көзіме мың,
Қараңғының түсірем өзіне күн.
Таңға жақын қисайып бара жатып,
Ең бақытты адамдай сезінемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу