Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  74


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Кім айтар бізге төрелік?

Кім айтар бізге төрелік?
Мысалдат еді дегізбе.
Адал сүт емген нар едік,
Туғандар елу сегізде...
Қиындық көрсек əр уақта,
Топтанып шықтық жата алмай.
Тоғыттан шығып жел жаққа,
Саулап бір тартқан отардай.
Тойларда қолға гүл алып,
Биледік қызбен аққудай.
Аязды түнде бұралып,
Қотаннан шыққан ақ будай.
Көшпелі қызыл алтындай,
Жырымыз жүрсе ел кезіп,
Шауыттап ақша алқынбай,
Нағыз бір бақыт – сол дедік.
Қалмады түгі екшеліп,
Кешегі біздің көп арман.
Басына қауға кептеліп,
Басы ауған жаққа жоғалған.
Жайқалып қырда өсіп ек,
Шалғы да тиді-ау шалғынға.
Сан құрдас кетті шетінеп,
Дауа жоқ ажал – малғұнға!
Асау құс едік жым болдық,
Қағамыз алға текірек.
Алаңсыз сол бір күндерді,
Аңсайды ене көкірек...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу