Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  69


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Болсам-ау деумен

Батыр да болдым ойша мың,
Сыбанып топта білекті.
Талайдың қаққан шайтанын,
Нағимдай берен жүректі.
Ел кезіп жүрсе елесім,
Шарласа даңқым алысты.
Əнші де болғым келетін,
Əсеттей бипыл дауысты.
Баста үкі, гүлдер өңірде,
Жанарда керім маздап шоқ.
Жүргім де келді өмірде,
Ақандай кінəз, бекзат боп.
Қаққанша жауым кірпікті,
Қалпақтай қылсам көш жерден.
Болсам-ау шолақ мылтықты.
Құныскерейдей қас мерген.
Жырменен қырсам халқымды,
Аламан тойда қым-қуыт.
Болсам деп көңіл талпынды.
Мұраттай төкпе, тұңғиық.
Ас болмас саған сылдыр сөз,
Жоқшылық талай терлетті.
Болғым да келді мен бір кез,
Шам, Талпақтардай дəулетті.
Түстерін жоймай жалқын көк,
Тасқа айтып бітпес арманын.
Толқын да толқын, толқын боп.
Жоғалды талай тарланым.
Дүниенің құрдым аяғы,
Тыншимын кейде тоқ басам,
Толқындарыма баяғы
Жете алмайды екем ешқашан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу