Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  100


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Бауыржан қазасын естіген күн

Жетті хабар. Досым өлді. Қош мəңгі,
Қандай кесел жайратты екен қасқаңды.
Қанша мезет тыпыр етпей отырдым,
Жынды адамның халін кешіп естанды.
Жанарыңды жаспен була, булама,
Жұтып тынды бауырымды құлғана.
Поэзия қорымында тағы бір,
Балғын қабір пайда болды су жаңа.
Нелер келіп, нелер кетті ойыма,
Бірте-бірте ымырт түсті жайыла.
Ай да сонау жанып тұрған бір шамдал,
Білте салып өлгендердің майына.
Бір əлемет үрей сыйлап борық түн,
Таңға жақын сен жайлы ойдан сорықтым.
Кеткендейсің əруаққа айналып,
Суретіңе қарауға да қорықтым!
Біздің көлге қонар ма енді сірə, қу,
Қандай жаман шарасыз боп құлазу.
Отыз тісім отыз досым еді ғой,
Ойда жоқта опырылды бір азу.
Дəлу – нала, қан жылайды, мұздайды іш,
Қарсы алатын болды-ау мен кіл
қайғы іс.
Түсіп қалған азуымның орнын,
Жалай берер қайта-қайта тіл байғұс.
Аманат боп қалды өлең-жыр, лағыл əн,
Соған-дағы шүкір етем, не қылам?
Сені еске алып шырқаймыз біз егіліп,
Арамыздан ерте кеткен оғылан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу