Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  110


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Бес жасымда түс сияқты көргенім...

Бес жасымда түс сияқты көргенім,
Кемпірлердің үзіп ойнап, өрмегін.
Күні бойы топай болды ермегім,
Сонда менің қані, шыққан мүйізім?
Он жасымда бардым мектеп-мешітке,
Балалығым қала берді есікте.
Дауа бар ма Алла жазған несіпке,
Сонда менің кані, шыққан мүйізім?
Он бесімде шақша ұстадым сүйектеп,
Қыз ұсынды орамалын жиектеп.
Солқылдатты акындық жын иектеп,
Сонда менің қані, шыққан мүйізім?
Жиырма жаста əр тарапқа бой салып,
Сылаң жорға сияқты боп тайпалып.
Шайырлардай шарап іштік шайқалып,
Сонда менің кані, шыққан мүйізім?
Жиырма бесте болмасам да Күлтегін,
Арман-тауға мен де қанат сілтедім.
Ашылмаған сыр сандықтың кілті едім,
Сонда менің қані, шыққан мүйізім?
Міне, бүгін отызға да іліндім,
Бəйіт жаздым жеткенінше тілімнің
Басын шалдық талай-талай ілімнің,
Сонда менің қане шыққан мүйізім?
Жүз жаста да шықпайды екен мүйізің,
Абыздардай ойға баттым күні ұзын.
Ыңырсыған қалың дүбір шақырып,
Құлағымнан кетпей қойды бір ызың.
Заман мынау, қатпай сынды бұғана,
Там-тұм өмір болар кімге жұғана.
Келер күннің көген көзі бізді де,
Еске аларсың, қосып бір кез дұғаңа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу