Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  87


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Деуші едім тағдыр тауып қосқан ба?

Деуші едім тағдыр тауып қосқан ба?
Сұраған бұзбай батаны.
Көктем кеп дүние зауықтасқанда,
Бізді де бір күш матады.
Кете жаздайтын қалқам сүйгенде,
Шаттықтан кеуде қақырап.
Қисаятынбыз салқам түндерде,
Жамылып түйе жапырақ.
Жүрсем ғой деуші ем қалыңдық ойнап,
Көзіңнің енді сұғын іш.
Бағымды қуып, қолымды байлап,
Не мұрат таптың, ібіліс?
Қайтарамын деп арындап көрдім,
Бұйырмай кеттің құрмағыр.
Мың-миллион мынау қара ілгектердің,
Ішінде сенсің – бір лағыл.
Қарашы, кімнің дүркін-заманда,
Тұр дейсің алшы асығы?
Қартайсаң да ыстық біртүрлі адамға,
Жастықтың ғашық-машығы.
Сол кездің қымбат елесі маған,
Етермін талай талғажау.
Қамықпа жаным, келесі ғалам,
Тағы да бізді жалғар-ау!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу