Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  100


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Сезім жайлы жырлар жазу парыз-ды...

Сезім жайлы жырлар жазу парыз-ды,
Талай кеште өртеді рас, жалын мың.
Бірақ жердің тарту күші тəрізді,
Мені де ылғи тарта берер калың мұң.
Байлық ойлап жанталасқан бай емен,
Абыржыған алтын тығып оқпанға.
Қалай ғана жаза аларсың жəй өлең,
Ғалам мынау ықылық атып жатқанда.
Айқұш-ұйқыш жыртып қойған аңыздай
Адымдатпас шекаралар – сызықтар.
Құлағыңа кіріп кеткен қоңыздай,
Дүниені дүбірлетер бұзықтар.
Зырлар уақыт қанатын тез қақтырып,
Қандай бақыт əкеледі туар Ай.
Тағдырларын адамзатқа тапсырып,
Суда итбалық, тауда алаңсыз құралай.
Сенесің бе, Күн де, Ай да тұр толқып,
Бірақ, бəрі баяғыдай сызылды.
Кесірткенің құйрығындай бір шоршып,
Қаншама арман сағағынан үзілді?
Ғасыр мұңын талай-талай сезді ер де,
Жасын ойнап, аспан мынау күркірлі.
Дəл осындай алмағайып кездерде,
Сезім жəйлі жырлар жазу біртүрлі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу