Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  85


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Шалкөдедегі көктем

Қалай ғұмыр кешкенбіз бөлек кетіп,
Жүргің келсе жанарда елестетіп.
Көргің келсе жұмақты, дүрбіңді ал да,
Мамырдағы сəскеде белеске шық.
Ызы-қиқы, етекте гүрлейді ауыл,
Қалай жатсың, қорымнан түргел, бауыр.
Шəуешектен келуге хабар алып,
Таудан асып барады бір көк дауыл.
Ұшар басын сəуле мен нұрға малып,
Сəлем бердік, миллион жыл тұрған алып.
Шығып кеткен ауыздан соңғы демдей
Бір шөкім бұлт баурыңда жүр қамалып.
Көз алмаймыз ішіп-жеп күз, қырыңды,
Енгендейміз əлемге біз бұрынғы.
Жасыл шалғын үстінде шабыт тілеп,
Азынайды айғырлар қыз бұрымды.
Неткен көркем жер едің сын бұзбаған,
Əнге қосты қаншама жұлдыз балаң.
Сияқтысың Шалкөдем шекпенімнің,
Мойнындағы құлпырған құндыз жағам.
Отырайық, қашпайық от ала сап,
Мұқағали орнына бата жасап.
Жұмекен-ай, дүниеден сен де кеттің,
Əкете алмай бір шыңды жотаңа сап.
Соған келіп ғашық боп, күйге елеңдер,
Қатал тұрмыс қажытып, илегендер.
Сан ұрпақтың тұра бер көзін арбап,
Жаттың қолы, табаны тимеген жер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу