Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  98


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Наразылық

Су болса егер құтыңда толғандай лық,
Керек емес шілдеде қалған байлық.
Қара нөсер шіркін-ай өте шықты,
Көрші қонған шопанды малмандай ғып.
Керімсалдан тəн ысып, таңдай кепті,
Жалағандай күй кештім таңғы əйнекті.
Табиғаттың осынау ризығы,
Дəл қасымнан ысылдап тамбай кетті.
Түрлі-түске бүйірін бояпты аспан,
Көршім отыр шөл қанық, тоят басқан.
Бір ғажабы жаңағы шопанменен,
Екеуіміздің арамыз таяқ тастам.
Аңтарылып шұғыла жолағына,
Тарттым үнсіз мініп ап шолағыма.
Тез иісінгіш інгеннің желініндей,
Сыйың неге тағдыр-ай, ала-құла?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу