Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  127


Автор: Ибрагим Иса

Қанаты талмас қарлығаш

Бұл өмірде біз жүретін жол басқа,
Ата салты жатыр сонау тереңде.
Жаратушы қыз шіркінді әу баста,
Жат жұрттық қып жаратқан соң, амал не!
Қиып кету оңай болар деп пе едің,
Бала кезден бауыр басқан қиямды.
Ғажайып бір күлімдеген көктемім,
Көкірегімде махаббат боп оянды.
Махаббатта балы болса араның,
Онда аңсаған бақытыма жетем ғой.
Сыңарыммен ұшып кетіп барамын,
Аққулар да жалғыз ұшпайды екен ғой.
Жылуы мол құшақтарға барамын,
Ата-анамдай болмасын да білемін.
Басқа үйдің бақыт шамын жағармын,
Бақыт шамы өшпесе екен, тілегім!
Қимастықтан жасаурайды жанарым,
Сағынышым жеткізеді мені елге.
Туған үйді қимай кетіп барамын,
Жат жұрттық қып жаратқан соң, амал не!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу