Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  87


Автор: Ибрагим Иса

Деревня бойжеткеннің қала қылжақпасына айтқаны

Ей, желекпе,
Біздерді осал қыз деме,
Сендейлерден аулақ қылсын Құдайым.
Менен бекер ақымақтық іздеме,
Танытпа құр сүйген жанның сыңайын.
Жымыңдама,
Махаббатқа жетер не!
Сүйгізбеймін сендейлерге өлгенмен.
Саусағымды қыспай-ақ қой бекерге,
Сумаңдатпай тарт қолыңды кеудемнен.
Бос сайрама.
Қылжықтама.
Ерікпе.
Мүлдем сені тыңдамаймын, жолама!
Мен бе саған қол ұстасып, серік боп,
Соңыңа еріп жөнелетін қалаға?!
У-шуларың құлағымды бұрғылап,
Ол жерде мен қалай өмір сүрермін,
Шырағыңнан кетер көзім бұлдырап,
Паркетіңнен тайып құлап жүрермін.
Онда мүлдем орыс болып кетем де,
Жүргенім ғой сосын жұртпен шүлдірлеп.
Бізде солай, сүйгізбейді бөтенге,
Болмаса ғой, ойыңда бар бүлдірмек.
Бостан-босқа түсірме құр еңсеңді,
Дей алмаймын сеніменен достасам.
Алтын жігіт,
Бола алмаймын мен сендік,
Ай менен Күн қосылмайды ешқашан.
Онда барып бола алам ба бақытты,
Сіңер ме екен маған қала тірлігі?
«Сенсіз қалай өткіземін уақытты,
Сағынғанда келем, дейсің, бір күні».
Баладайсың, өскен бейне шолжаңдап,
Біздер жайлы не айта аласың сен маған?
Ашпа аузыңды!
Не қыласың мылжыңдап,
Көз алдымнан жоғал, кәне оңбаған!
Маған ешкім табылмас деп ішіңнен
Ойлайсың ғой,
Солай ма, шын желекпем?
Әлде қашан мен сөзімді пісіргем,
Ауылдағы ең ақылды жігтпен.
Ізі жатыр жүрегіңде күйенің,
Жолы қысқа сен сияқты арамның.
Ал, мен болсам қайырымдыны сүйемін,
Өмірімді соған бағыштағанмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу