Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  88


Автор: Ибрагим Иса

Кәрі қыз

Ей, жастығым,
Қалдым іздеп,
Үміт болдың кесілген,
Өмір бақи кәрі қыз боп
Жүрмекшімін не үшін мен?
Жүрек те сол қалпында әлі,
Бойда ысып қаным да...
Менен жігіт салқындады,
Сорым ба,
Әлде бағым ба?
Қайда кеткен бақ-тұрағым?!
Жүректі мұң жарады.
Іздегенін тапты бәрі,
Уақыт өтіп барады!
Азабымды көрмейсің бе,
Тілім аздап ашшылау.
Жақсы жігіт,
Не дейсің сен?
Неге керек жас сұрау?
Тыраштанам, жігіттерге
Жақындасып,
Жұққалы.
Өтірік те күліп көргем,
Одан түк те шықпады.
Қыздар жүрсе өлеңменен,
Сайран салып,
Сән құрып,
Мен отырам анамменен
Үзілердей соңғы үміт.
«Ей, жеңілтек қыз қайдасың?
Кел, тіземе жайғасқын.
Түн ауғанша қайтармаспын


Ренжіте қоймаспын!»
Бұл арнау да маған емес,
Сыбырласқан басқалар.
Қызық жоқтай далада да еш,
Жастығыма жас тамар.
Менен жастау бойжеткендер
Кетті түтін түтетіп.
Қарамап ем қол жеткенге,
Енді ешкім жоқ күтетін.
Көршімде той басталарда
Не істерімді білемін:
Өзіме емес,
Басқаларға
Той көйлегін тігемін.
Айтам жалғыз ақырын ән,
Білмеймін тек кім үшін.
Әлде үйдің шатырынан,
Құласам ба...
Құрысын!
Мүмкін қолдан айрыламын,
Онсыз да дақ жанымда...
Ой, несіне қайғырамын,
Аяқ, қолым барында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу