Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  101


Автор: Ибрагим Иса

Ажал тырнағында

Асықпаймын,
Дайын емес қабырым.
Өлгеннен соң көмеді.
Ғұмырымды ұзарта алмас бәрібір,
Емшілердің көмегі.
Жаным!
Енді не күтіп тұр, білеміз.
Бірақ мұңнан бүгілме.
Енді саған әкелмеспін реніш,
Бостан босқа түңілме.
Кешірімді, сөзшең, әрі ақылды –
Болмысым ғой бұл менің.
Түрі-түсім...
Айтылған сөз ақырғы,
Ажал күтіп тұр мені.
Табытыма қара, мейлің қарама:
Мола – мүрде сәні құр.
Өлгеннен соң бармай-ақ қой молама,
Таба алмайсың бәрібір.
Ғайып болам қабіріме енгенше,
Шегелеулі болсам да...
Қалады тек табыт, мүрде өлген соң,
Адам қайда ал, сонда?
Құрт-құмырсқа мекеніне айналар –
Өлі етімді сорар да.
Сол мүрдені солар ғана аймалар,
Көп тұрмайды олар да.
Содан кейін айналады әлгілер
Көртышқанның асына...
Әуре болып ешқандай да белгіні
Қоймай-ақ қой басыма!
Көңіліңде қаншама ұзақ жүрсем мен,
Соншама күн тірімін.
Кездеріңде мені еске алып күрсінген,
Ұзарады ғұмырым.
Қарашы өзің!
Не дейсің бұл өмірге!
Онда менің өлгенім –
Оңашада отырғанда, іңірде,
Еске алмасаң сен мені...
Рухымның онда сенен қашқаны,
Жүрегіңде – тереңде,
Бір сағыныш пайда болса,
Басқаны
Жақсы көрсең менен де.
О, қымбаттым,
Жоқта мені көбірек!
Бұл қайғыны сен де бөл.
Ең болмаса дауыс салып, еңіреп,
Мәйітімді жерге бер!
Қос жанардан жарық дүние қашқасын,
Сені қалай күзетем?
Егер бірі болмағанмен, басқасы,
Көңіліңді түзетер.
Мен секілді жарығы өшкен шіркінге,
Біле-білсең жол ұзақ...
Мәйітімді қондырма үйге бір түн де,
Өтінішім жалғыз-ақ!
Менің мұңсыз балаларым шошынар,
Көрер қорқып түсінде.
Енді әніңе басқа бір жан қосылар,
Риза ету үшін де...
Ұят маған...
Ұят сені шошыту.
Өлік кіммен таласар.
Дауыс салып жоқтай сол да, осы түн,
Мені жылдам көме сал.
Қазір жүріп кетер едім, көрдің бе,
Көр бітпей тұр, не етемін?..
Бітті ме енді!?
Көр қазушым, келдің бе?!
Ал, ендеше, кетемін!
Бет орамал алыпсың ғой қолыңа,
Аяп тұрмын сені шын...
Мына қайғы қиын болды-ау жаныңа,
Жылап тұрсаң мен үшін.
Жыла тағы!
Ән салайын, шіркін, мен!
Естіп тұрмын...
Сенсің бе!
Неғылдейсің?!
Мәйітімді бір түн де
Түнетпеймін дейсің бе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу