Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  86


Автор: Ибрагим Иса

Өртелген сурет

Мені өртеді.
Көнбеді ажал ырқыма
Мен білмедім,
пеште өртелгенімді,
«Қабылда!..» деп жазыпты да сыртына
Жіберіпті хатқа салып күлімді.
Крематорий оттығынан тірі өттім,
Енді, міне,
күл боп тұрып алаңсыз,
Өзім күліп түскен сол бір суреттің
Жиектерін сипалаймын амалсыз.
От жарқ етті –
содан кейін өшті үнім,
Ал мен болсам бақытты едім үмітпен.
Мені сүйген сол жанарға ( кеш бүгін),
Әлі қарап тұрмын ғой деп жүріп мен,
Кеш қалыппын.
Жалынышпен, азаппен,
Әзер еді-ау төгуге де ол көз жасын.
Жылдар өтті, бізді бөліп азаппен
Қалай ғана түсінбегем өз басым.
Енді өткенді күлден іздеп таба алман,
Жерден қазып таба алмасым белгілі
Жалаң аяқ жүріп келем,
Табаннан,
Естелік – күл бұрқылдайды жел күні.
Шоқты басып жүріп келем,
дайынмын,
Қабылдауға сүйгенімнен жазамды.
Үміт емес,
ендігі үміт уайым-мұң,
Қорқақтықпен таптым, міне, қазамды.
Будақ-будақ көк түтінннің ішінде
Жүріп келем,
сол түтіннен алып дем.
Көзімде жас,
бейшаралық пішінде
Ең соңғы рет сұраймын қол жайып мен:
Хаттағы сол қатқыл сөзің ішімде
қалды.
Кешір,
отқа дұрыс күйіппін.
Өлгеннен соң түсінгенім үшін де –
Кешір мені,
Кешір мені, сүйіктім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу