Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  123


Автор: Ибрагим Иса

Қоштасу әні

Бұл ауылдан кетем енді кешікпей…
Асау, өзен, енді мені жоқтатпа.
Қалады енді сықырлауық есік те,
Қалады енді ауладағы батпақ та.
Байғұс анам көзін ілер шаршап кеп…
Бозғылт дала,
бозғылт тұман ішінде,
Қажып біткен жүрегіңді бөлшектеп,
Мұңаярсың бұл қылығым үшін де.
Кешігермін,
мейлі жаздай, қыстай күт,
Меніменен кетер ұйқың,
күлкің де.
Алақаннан жем жегізген құстай ғып
Өсіріп ең,
оны ұмыту мүмкін бе?
Естимісің,
жел ұрып тұр сарайды?
Қызың жаңа ұйқысырап күлді шын.
Мүмкін, шашын періштелер тарайды,
Қол ұстасып ұшып жүр ме,
Кім білсін..
Уайымдама!
бармай-ақ қой жағаға,
Кемелерді күтпей-ақ қой көктемде!
Қоштасарда бір ішпесек бола ма,
Бірер минут ой жіберіп өткенге.
Біздер бөлек құстардаймыз,
біл мұны!
Бірге тұрып күтпекшіміз енді не?
Мүмкін, қайтып оралармын бір күні,
Мүмкін, енді оралмаспын мәңгіге.
Сен білмейсің,
түн жамылып тынымсыз
Қайда барсам,
сонда менің қорғаушым.
Маған қастық ойласа бір жұғымсыз,
Онда өзінің шығарармын жан даусын.
Қай жерде де болсын мейлі күнім шат,
Туған жерге махаббатым тұрақты.
Жіберермін бірде әдемі қуыршақ,
Құдды өзімнің соңғы ертегім сияқты.
Кеткеннен соң қуыршақпен жарасып,
Қызың жалғыз отырмайтын болады.
Дейді дағы:
– Мама, мама!
Қарашы!
Бірде жылап,
бірде күліп алады…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу