Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  123


Автор: Ибрагим Иса

Түн жарымдағы ән

Түн түнекке көмілгенде үй сырты,
Төсегінен тұрды дағы ақырын,
Шам жағуға зорға тапты бір шырпы,
Ескі әдетпен сыбап жүріп қатынын.
Қолы дірілдеп,
құлақ басы шыңқылдап,
Құйды арағын,
ешкімді де күтпеді.
Оның жалғыз салған әні ыңылдап
Көпке дейін үзілмеді, кетпеді.
Қабырғаның ар жағында баланың
Жылағаны,
дауыс та бар жекірген.
Бірақ оған тоқтатқан жоқ ол әнін,
Түрі де жоқ ренжіп, я өкінген…
Көпке дейін еш қимылсыз, түк үнсіз,
Құлақ қойып отырғандай сол әнге,
Жан болса да әшейінде тынымсыз,
Әйелі отыр батып бір ой-тереңге.
Шарбақ жақта бара жатты қараңдап,
Күзетші шал,
жарық салып айнала.
– Қойсайшы енді!
Көршілер де алаңдап
Жатқан шығар, – дейді әйелі жай ғана.
Ашуланып,
өз-өзінен ұрынып:
– Ішем, – дейді – өлсем мені жоқтама!
Тұрды дағы кетті әйелі бұрылып,
– О, жаратқан Құдайым-ай!... – деп қана.
Шешінді әйел,
үзілгендей енді үміт,
Бұл да шешті сырт киімінің қалғанын.
Жатты әйелі көздің жасын көл қылып,
Ал бұл болса жалғастырды әлгі әнін…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу