Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  114


Автор: Ибрагим Иса

Ақпандағы ән

Бұл ауылдың өшкен емес оты әлі,
Қажет емес сәуегейдің ұсқыны.
Жұлдыздарын жылтылдатып жатады
Маужыраған қыс түні.
Дүние ғажап, тұрғандай ғой ән салып,
Сояу шөптер әлсіз ызыңдай ма шын…
Жолым менің қиын болды қаншалық,
Мұңым менің, қайдасың?
Маған қарап күлімдейді момын қыз,
Менде де жоқ мұңды ызғар.
Уақыт өтсе қалады тек көңілді із,
Жарқырайды жұлдыздар!
Кім айтыпты кетпеді деп соққан мұң?
Өтпейді деп сынақтан?
Үмітімді үзілді деп айтқан кім?
Досым, мұны кім айтқан?
Бұл ауылдың өшкен емес оты әлі,
Қажет емес сәуегейдің ұсқыны.
Жұлдыздарын жылтылдатып жатады
Моп-момақан қыс түні.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу