Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  114


Автор: Ибрагим Иса

Балалық шақ

Анам өлді.
Әкем кетті майданға.
Көршім бетпақ,
Күнім өтпей жүр онсыз.
Әл есімде,
Жан анамды қойғанда,
Ауыл маңы болатын тым сүреңсіз.
Қайдан ғана
Келеді екен
Құрғырың –
Салқын үйді қараңғылық жайлады.
Бәрі өзгерді,
Ойда-жоқта бір күні,
Алып кетті,
Біреулер кеп қайдағы.
Әлі есімде,
Бір өзеннен кешке өттік,
Шам жарығы,
Соқты кенет бір құйын.
Айқай, сүрең,
Жауын жауды,
Тездеттік,
Арғы бетте…
Жетімдердің тұрды үйі.
Жұрт айтады:
– Ауқат аздау болған деп,
Қинаған деп,
Түнгі аяз бен жетімдік.
Мен ойласам:
Қазір есте қалған тек:
Жүргеніміз
Шөп-шаламды отын ғып.
Бізді есейтіп
Талай қыс пен күз келді,
Жетімхана…
Тек жаман ой қозғама!
Әкесі жоқ,
Шешесі жоқ біздерді,
Жәбірлейтін
«Жетім» деген сөз ғана.
Кей кемпірлер
Жанарларын талдыра
Қарайтындай
Аяп жетім жандарды,
Қарайтұғын,
Тынатұғын,
Ал бірақ,
Күндер өтті,
Жеңіс жақын қалған-ды.
Уақыт келді
Ән салатын еркелеп,
Жеңіс келді,
Күн де туды бір күлер.
Дәл сол күні
Тұрдық біздер ертерек,
Кеттік шулап:
– Құрыды, деп, Гитлер!
Содан соң да
Сан жылдармен достасып,
Ал содан соң…
Кеттік ұшып топ қыран.
Кетер кезде
Бүкіл ауыл қоштасып,
Ізімізді
Жатыр бүркеп көк тұман.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу