Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  86


Автор: Ибрагим Иса

Туған елдің түні

Еңселі емен.
Су тұңғиық, тұп-тұнық.
Айлы түнгі көлеңке де басқаша.
Түн.
Тыныштық.
Жатыр шөпке шық тұнып,
Бүліншілік болмағандай ешқашан.
Түн.
Тыныштық.
Бұл өлкеде ешқандай
Күн күркіреп,соқпағандай дауыл да.
Салқын самал,шөкім бұлт жоқ, аспанда Ай.
Дел-сал күйде жатыр үнсіз ауыл да.
Шәукілдектің үні жетті құлаққа….
Мен оралдым-сағанышты қоздатып.
Кеудемдегі іңкәрлікті құлатпай
Осы бір сәт тұрса, шіркін, аз уақыт.
Көңіліңді бір жамандық баспаса
Жүрісің де, көлеңкең де ырғақты.
Барлығы да маужырап тұр,
Ешқашан,
Қара дауыл соқпайтындай бір қатты.
Сәл серпіліп,көтересің еңсені.
Алысқа атып бастағы бар сұрақты.
Құшады тек әдемі бір мұң сені,
Жерді құшқан ай сәулесі сияқты….




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу