Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  125


Автор: Ибрагим Иса

Өкініш

Айналайын аңқылдаған ағам-ай,
Жүруші едің жоқты, барды санамай.
Жексұрын мен жалмауызды жалмамай,
Қалай ажал келіп қалды саған-ай!
Өзіңменен тарылды ғой бір өріс,
Енді өзіңді аңсауменен жүреміз.
Енді қайтып көтермейсің басыңды,
Енді үйіңе әкелмейсің реніш.
Балаларың – қызықтарың – өркенің,
Енді олардың көре алмайсың ертеңін.
Көк мұхиттың кетті кезіп айдынын,
Жағалауға оралмайтын желкенің.
Ағайынның ортасында еркелеп
Жүре тұрмай, кеттің неге ертерек.
Айттың ба әлде құтқаршы деп азаптан,
Ажалыңа келіп қалған ентелеп.
Елең етпей кейде иттің үргенін,
Жүруші едің, істесін деп білгенін.
Бәз біреуге батушы еді аяздай,
Кейде кеңіп, көңілденіп жүргенің.
Дем біткен соң қысы не оның, көктем не,
Сұм ажалдан құтылатын жоқ пенде.
Дәл осындай аяз еді қақаған,
Анамыз да бұл дүниеден кеткенде.
Сен күштісің.
Жетпейді енді шамамыз,
Шаршап тұрған ағайынға қараңыз.
Бұл дүниеде көп көріп ең ызғарды,
Енді мәңгі жылытады Анамыз.
Аппақ жаның түсті көктен құлдырап,
Ағайының қимай сені тұр жылап.
Алматыдан жетті Асылың еңіреп,
Кімді аяйтын еді ажал – сұм бірақ.
Ошағыңнан таппаған соң жылылық,
Кеттің талай түзу жолдан бұрылып.
Сенің керек екеніңді қашанда,
Балаларың енді ғана жүр ұғып.
Жансың бағың ашылмаған әйелден,
Бірақ ол да бөле алмады сені елден.
Іздеп кетіп жүруші едің тыныштық,
Көлігіңді мініп алып көнерген.
Қартаймадың, ағарған жоқ самай түк,
көрген жоқсың еш көңілді қарайтып.
Жүр бүгінде кей ортада көңілді,
Сенің әзіл – қалжыңыңды ел айтып.
Қазір сені көрем кейде түсімде,
Ақ тұман мен көк тұманның ішінде.
О дүниеде жауап берер қатының,
Ажалыңды жылдамдатқаны үшін де.
Бейнетті де көріп өстің тым ерте,
Бала болып жүре алмадың сен ерке.
Саған жылы танытпады қабағын,
Біреулерге жайлы болған бұл өлке.
Рахатын көре алмадың бейнеттің,
Қиындықтың құрсауында ер жеттің.
Балдарыңның қызығын да көре алмай,
Бұл дүниеге көңілің толмай сен кеттің.
Күш – қуатты жинап жүріп ақырғы,
Табыс таптың тойдырам деп қатынды.
Ақымаққа сенің бағаң бес тиын,
Адам болып тумаған соң ақылды.
Үмітіңнің жанғандай боп, өшкені,
Жалғыз демеу – ұрпағыңның өскені.
Амалым жоқ, еске аламын бұл күнде,
өкінішпен өткен өмір деп сені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу