Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  106


Автор: Ибрагим Иса

Інім Бодыққа

Сылап – сипап өсірмеді бізді өмір,
Заңдылықпен өмір сүрдік өзге бір.
Тым ертерек кеттік біздер есейіп,
Бала болып еркелейтін кезде бір.
Біздерге алыс балалықтың ауылын,
Аңсасақ та көре алмадық бауырым.
Мекеніне айналды ауыр салмақтың,
Жұмсақ жерде жататұғын жауырын.
Тым ауырлау болды біздің жолымыз,
Қиындықтан босамады қолымыз.
Анамыз да кетті ерте қартайып,
Санамызға сақтап өстік соны біз.
Білем сенің тағдырыңды мен жатқа,
Іздегенің ілінбеді қармаққа.
Босағада жүрген жоқсың сен бүгін,
Сенің орның бұл күндері төр жақта.
Сен жетілдің, балаңды да жеткіздің,
Уақытымыз босқа кеткен жоқ біздің.
Серігіңді таптың сүйеу болатын,
Жаңылыспай арасынан көп қыздың.
Ешкімде жоқ бауырмалдық сендегі,
Жаратқанның бұл да сый ғып бергені.
Тұрақтысың сөзіңе де, ісіңе,
Сүйенішім сияқтысың елдегі.
Шаршатқанмен майда – шүйда тірліктер,
Жүрегіңді жылытады сүйікті ел.
Қанша керең болса дағы біледі ел,
Сенен төмен дәрежесі биіктер.
Айта алмайды сені ешкім майда деп,
Олай айту үшін ақыл, ой керек.
Елге сирек барған кезде әрдайым,
Сені іздеймін Бодық інім қайда деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу