Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  109


Автор: Ибрагим Иса

Әке тілегі

Сенің құйттай жүрегіңде,
құлыншағым, әлем жатыр,
Бұл дүниеде бір адам жоқ,
Қазір, көкем, сенен батыр.
Күлкің бейне күлкісіндей
арайланған жарық таңның,
Ұйқың бейне ұйқысындай
ертектегі алыптардың.
Жанымызды жылытатын
көзің бейне Күн сияқты,
Тіршілікті танытатын
үнің бейне Ән сияқты.
Шуағына малындырып,
ғажайып бір сезімдердің,
Анаң менен екеумізді
масайратып өзің келдің.
Сенің қосқан бақытыңды
ешкім бізге қоса алмайды,
Сенен үлкен баламыз да
енді сенен аса алмайды.
Бұл өмірдің өзің сынды
шырынынан жалықпаппын,
Көкем, сенің бір жасыңда
мен қырыққа келіп қаппын.
Бұл дүниенің қуанышы
бітпейді екен, түсінсе адам,
Рахмет, тойымызды
көбейткенің үшін саған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу